You are here

Тұрмыстағы зорлық-зомбылық құқық бұзушылықтарының профилактикасы бойынша облыс прокуратурасының алқа мәжілісіндегі облыс прокурорының орынбасары С.Р.Шалабаевтың баяндамасы (Атырау қ., 4 қараша 2016 ж.)

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Құрметті алқа мәжілісіне қатысушылар!

 

Қоғам үшін ең бастысы – тәуелсіздік, адам үшін бас бостандығы және уайым-қайғысыз өмір. Оның кепілі – заңдылық.

Тәуелсіздік төрімізден орын алған қоғамымыздағы ең басты құндылық – адам бостандығы.

Адамның және адамзаттың құқықтары мен бас бостандықтарын қамтамасыз ету және қорғау – конституциялық заңдылықтың басты талабы.

Қазақстанда салауатты өмір салтына қол жеткізуде, денсаулықты сақтау мен нығайтудағы басты міндеттің бірі – бала құқығын қорғау, зорлық зомбылыққа қарсы күрес жүргізу.

Отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі әлемнің әр елінде ертеден орын алған. Зорлық балалардың денелік және психологиялық денсаулықтары және жан-жақты дамулары үшін машақат болып табылады.

Елбасымыз «Қазақстан - 2050» стратегиясында «Мені отбасында әйелдер мен балаларға тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсету жайттарының көбеюі алаңдатады. Әйелді құрметтемеу деген болмау керек. Бірден айтайын, ондай зорлық-зомбылықтың жолы қатаң түрде кесілуі тиіс»- деп баса айтқан.

Отбасындағы зорлық-зомбылық – қоғамның өзекті әрі өткір мәселелерінің бірі. Алайда осы мәселенің шешім табуы құқықтық, әлеуметтік және экономикалық шараларды бір уақытта қабылдаған жағдайда ғана мүмкін болмақ.

Бүгінгі күні зорлық-зомбылық фактілеріне мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру мақсатында Бас прокуратурамен «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасы жүзеге асырылуда.

Бұған дейін Атырау облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның  ұсынысымен «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсету бөлімшесі» 2012 жылы құрылғаны белгілі.

Облысымызда тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес жүргізу бас инспекторға және учаскелік полиция инспекторларына ғана жүктелген. Әрине, бұл жеткілікті емес.

Жергілікті атқарушы органдармен тұрмыстық-зорлық зомбылықтың алдын-алу жұмысы жыл сайын жасақталған іс-шаралар негізінде жүзеге асырылумен шектелген.

Жергілікті атқарушы органдарда бұл мәселе облыс, қала және аудан әкімдері жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияларға жүктелген.

Сондықтан  атқарылуға  тиісті  көп жұмыстар тек азғантай топқа шара өткізуден әрі аспайды, комиссия жұмысының нақты механизмі қарастырылмаған. Мамандармен қандай жұмыстар жүргізілуі керек екендігі жолға қойылмаған.

Осы күнге дейін тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасына республикалық және облыстық бюджеттен қаржы бөлінбеген.

Әкімдікпен бюджет қаржысын қарастыру үшін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне хат жолданбаған.

Жергілікті атқарушы орган «Атырау әйелдері», «Шаңырақ-2008», «4-ші билік - журналистер одағы», «Ақпарат» қоғамдық бірлестіктерімен жұмыс жүргізуде.

Бірақ, ұйымдардың зорлық-зомбылыққа қатысты жұмыстары тек инспектордың бастамасымен, оның оқытуы, үйретуімен ғана жүзеге асырылуда.

Сол себепті, облыс прокуратурасымен өзі әкімші болатын Ұлттық комиссия хатшылығын, жергілікті  атқарушы  органдарда  Басқарма, ал қала мен аудандарда дербес бөлімдер ашу туралы Бас прокуратураға ұсыныс жолданды.

Жаңадан құрылуға жататын Басқарманың жанынан қосымша дағдарыс орталықтарын ашып, бақылау мен қаржыландыруды республикалық және облыстық бюджеттен жүзеге асыру механизмін қарастыру мәселесі көтерілді.

Егер арнайы Басқарма құрылса, құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы органдардың арасында тәрбие жұмысына қатысты бірлескен  жұмыстар өз нәтижесін береді.

Одан басқа, полиция инспекторларының бұл бағытта мүлдем жұмыстар атқармайтыны анықталды.

Себебі, бүгінгі күні облыс бойынша 23 учаскелік полиция инспекторының жұмыс орны бос тұр.

Оның үстіне, бүгінгі күні облыс орталығында халық санының 60 пайызға өсуіне қарамастан полиция инспекторларының штат саны көбейтілмей, сол күйінде қалған.

Атырау қаласында 18 жаңа мөлтек аудандар ашылуда.

Ішкі Істер Министрінің бұйрығының талабына сай, 2 300 адамға 1 полиция бекітілуі тиіс. Алайда, халық санымен есептегенде 1 полиция инспекторына 3800 адамнан келетіні белгілі болды.

Облыс прокуратурасының қызметкерлері аудандардағы шалғай ауылдарға іс-сапармен шығу арқылы зерделеу жүргізді.

Учаскелік полиция инспекторларының қызметтік міндеттерін жүзеге асыруға мүлдем жағдай жасалмаған.

Мысалы, Бөдене, Елтай, Мұқыр және Қамысқала ауылдық округтеріне бекітілген полиция инспекторлары қызметтік көлік құралдарымен, техникалық құрал-жабдықтармен, өзін-өзі қорғау құралдарымен және арнайы ақпараттық жүйелермен қамтамасыз етілмеген.

Оларға ауылдық әкімшіліктің ғимаратынан ешбір талапқа сай келмейтін, көлемі жағынан өте тар бір бөлмеден бөлінген.

Бөлмелердің есік-терезелері темір тормен қоршалмаған, құқық бұзушыларды қоғамнан уақытша оқшайлайтын арнайы бөлмелер қарастырылмаған.

Полиция инспекторларының әрбір құқық бұзушыны сотқа жеке көлігімен жеткізуге, түнгі уақытта және қыс мезгілінде хабарламалар бойынша жедел түрде әрекет етуге мүмкіншіліктері жоқ.

Жергілікті полиция қызметінде әйелдерді зорлық-зомбылықтан  қорғау  тобына 4 қызметкер бөлінгенімен, қала, Жылыой, Құрманғазы аудандарында ғана жұмыстар жасалуда.

Бұл дегеніміз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін 7 жыл бұрын қабылданған заңда полицияға берген құралдар жұмыс жасамайтынының көрінісі.

Тәжірибеден полиция қызметкерлерінің тұрмыстық зорлық-зомбылыққа нақты бет бұрмайтыны, яғни профилактикалық іс-шараларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік емес ұйымдар қажет екені байқалады.

Зорлық құқық бұзушылықтары мен қылмыс оқиғаларына тоқталып өтсек, облыс соттармен ағымдағы жылы 967 әкімшілік іс және 15 қылмыстық іс қаралған.

Олардың 40 пайызының тұрақты жұмысы бар, 60% - жұмыссыз.

Қылмыстардың 54,4% алкогольдік масаю, ал 43,3% сау күйінде жасалған.

Зорлық-зомбылық қылмыстарының 28,8% (106 бабы) ауыр дене жарақатын салуға, 16,7% (108 бабы) қасақана жеңіл дене жарақатын келтіруге, 25,5% (120, 121, 122, 124 баптары) жыныстық сипаттағы күш көрсетуге және 6,7% адам өлтіруге байланысты болған.

Мысалы, биыл Атырау қаласының тұрғыны азаматтық некедегі жолдасы арасында туындаған отбасылық келіспеушілікті сылтау қылып (қызғаныш), жолдасының жүкті екендігін біле тұра жәбірленушіні қылғындырып өлтірген.

Осыдан соң қылмыскер жәбірленушінің өлі мүрдесін аула ішіндегі құрылысқа өз бетімен дарға асып, оқиға орнынан қашып кеткен.

Сот-дәрігерлік сараптаманың қорытындысына сәйкес, жәбірленушінің 16-17 апта жүктілікте болғаны анықталды.

Сот үкімімен айыпталушы 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына тартылған.

Сөйтіп, отбасындағы болмашы өзара келіспеушілікті сылтау қылып, өзінің жолдасы мен жарық дүниеге келмеген сәбиін өлтіріп тынған.

Бұдан басқа, күйеу баласы мен енесі арақ ішіп отырып, араларында сөзге келіспеушілік туындап, үйдегі жасөспірім немересінің көзінше күйеу баласы енесін ұрып-соғып, асхана пышағымен енесінің денесінен бірнеше рет ұрып өлтірген.

Сот үкімімен қылмыскерге 14 жыл мерзімге бас бостандығын айыру жазасы тағайындалған.

Бұдан басқа, әкімшілік істердің 42,5 пайызы жәбірленушімен татуласуға байланысты өндірістен қысқартылған.

Аталған құқық бұзушылықтар көбінесе жұмыссыздар, маскүнемдер, нашақорлармен жасалуда.

Мысалы, құқық бұзушылықты жасағандардың 175-і (18 пайызы) алкогольдік масаю күйінде болған.

Сол сияқты, облысымызда жыл басынан 8689 жұмыссыз, 814 есірткі қолданатындар және 3722 алкогольдік ішімдікке салынған азаматтар тіркелген.

Бұл статистикалық көрсеткіштерді жоймай, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан құтылу мүмкіндігіне сенбеймін.

Ал оны жою үшін барлық мемлекеттік және уәкілетті органдар кешенді жұмыс жасауы қажет.

Құрметті, Ғалымжан Исатайұлы!

Талдау барысында Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы және Қылмыстық кодекстеріндегі жауапкершілікке тарту кезіндегі олқылықтарды да кездестірдік.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың көп кездесетін түрлері ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл дәрежедегі зиян келтіру болып табылады.

Бұрынғы ӘҚБтК-нің 79-1 бабы (ұрып соғу) және 79-3 бабы (денсаулығына жеңіл дәрежедегі зиян келтіру) ҚК-ке ауыстырылып, қылмыстық әрекет санатына өзгертілгені бәрімізге мәлім.

ӘҚБтК-нің аталған бұрынғы баптарының санкциясындағы 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасын қолдану тиімді профилактикалық әсерін тигізді.

Ал, қазіргі ҚК-тің 108 және 109 баптарына сай, айыппұл салу немесе түзеу жұмыстарына, қоғамдық жұмыстарға тартумен ғана шектелген.

Бұл ретте әкімшілік айыппұлды өндіру бір отбасының ортақ бюджетіне тіреледі. Сот тәжірибесінде айыппұлдың мөлшерін білген жәбірленуші татуласуға мәжбүр болады.

Сонымен қатар, ӘҚБтК-нің 789 бабына сәйкес, кейбір әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 48 сағатқа дейiн ұстауды қоспағанда, ұстаудың жалпы мерзімі 3 сағаттан аспауы тиіс.

Ал, сот әкімшілік істі оның ұсталған уақытынан бастап 48 сағаттың ішінде қарайды.

Бұл мәселе тәжірибеде алкогольдік ішімдік жағдайындағы азаматтарды ұстау кезінде қиыншылықтар тудырады.

Осыған орай, әкімшілік ұстау мерзімін 24 сағатқа дейін ұзарту қажет деп есептейміз.

Бұдан басқа, ӘҚБтК-нің 50 бабының 2 бөлігіне сәйкес, әкiмшiлiк қамаққа алуды қолдануға болмайтын азаматтар санаты белгіленген.

Сот тәжірибесінде жалғыз басты (мысалы, зайыбы қайтыс болған, ажырасқан) әкелер асырауында жасы кәмелетке толмаған балаларының болуына қарамастан қамауға алу жазасына тартылуда.

Осындай тұлғалардың қамау түріндегі жазасын өтеуі кезінде олардың балалары қараусыз қалуы мүмкін.                     

Сол сияқты, қылмыстық жазаны қатайтып, ҚК-тің 108, 109 баптарын отбасында жүйелі түрде зорлық-зомбылыққа жол берсе бас бостандығын шектеу, бас бостандығынан айыру жазаларын белгілеу қажет.

Аталған жазалар тағайындалған кезде пробациялық бақылау орнатылып, оның ішінде жәбірленушінің тұрғылықты жеріне, үйіне, жұмыс орнына бармауға немесе белгілі бір қашықтыққа дейін жәбірленушіге, балаларына жақындамауға тыйым салу қажет деп санаймыз.

Жоғарыда атап өткендей, зорлық көрген жәбірленуші құқық қорғау органдарына арызданғаннан кейін немесе үкім жарияланғаннан кейін оның отбасының және жеке өзінің қауіпсіздігіне ешқандай кепіл жоқ. Сол себептен, олар құқық қорғау органдарына немесе сотқа шағымданбайды.

Құрметті Ғалымжан Исатайұлы! Алқа мәжілісінде орган басшыларының қатысуын пайдалана отырып, Елбасының және Бас прокурордың қойған талаптарын ескере отырып, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында бірлескен кешенді-іс шаралар жүргізгенде ғана жетістіктерге жетеміз деп ойлаймын.

Әрине, жоғарыда аталып өткен кемшіліктер - біздің де жауапкершілігімізден түсірмейді, сондықтанда, алдағы уақытта да Елбасы мен Бас Прокурордың бізге жүктеген тапсырмалары негізінде отбасылық зорлық-зомбылық саласындағы заңдылықтың нығаюына басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп қызметімізді жалғастырамыз.

Баяндама аяқталды!

Назарларыңызға Рахмет!

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.